Ақтөбеде ыдыс-аяқ жууға арналған губка шығаратын цех өртенді
Ақтөбеде ыдыс-аяқ жууға арналған губка шығаратын цехта ірі өрт сөндірілді.
Фото: Видеодан алынған кадр: instagram.com/aqtobe_tjd
12:06 27.07.2023
Оқиға кеше сағат 21:11-де тіркелді. Өрт Ақтөбе қаласы, 41-разъезд аймағында ыдыс жууға арналған губка шығаратын цехта тұтанды.
Бастапқыда тілсіз жаумен күреске 47 адам мен 9 техника жұмылдырылса, кейін олардың саны 101 адам мен 19 техникаға дейін арттырылған.
«Шақырту орнына барған кезде қойма шатырының жалындап жатқаны анықталды. Адамдар зардап шекпеді. Өрттің алаңы - 900 шашры метр. Жалын екі сағатта сөндірілді. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің нәтижесінде оттың басқа ғимараттарға таралуына жол берілмеді. Цех ішіндегі заттар сыртқа шығарылды. Оқиғаның себебі анықталып жатыр», - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметінен.
Өндіріс цехының иесі Ұзақбай Айтжанның айтуынша, алдымен күзетші түтін шыққанын хабарлаған.
«Мен жеткен кезде мамандар өрт сөндіріп жатыр. Олар тез және батыл қимылдады. Алғысымды айтамын. Құнды заттарды сақтап қалуға көмектесті», - деді Ұзақбай Айтжан.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!