Швейцария тауларында 37 жыл бұрын жоғалып кеткен альпинистің сүйегі табылды
1986 жылы Церматт тауларында жоғалып кеткен 38 жастағы неміс альпинисінің қалдықтары табылды.
09:47 03.08.2023
Агенттіктің швейцариялық БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлауынша, 1986 жылдың қыркүйегінде танымал Швейцария курорты – Церматта 38 жастағы Германия альпинисі із-түзсіз жоғалып кеткен. Сол кезде іздеу жұмыстарынан ешқандай нәтиже шықпады. 37 жыл өткеннен кейін альпинистер Теодуль мұздығынан адам сүйектерін кездейсоқ тапты. ДНҚ арқылы бұл кезінде жоғалып кеткен неміс альпинисі екені дәлелденді.
Вале кантоны полициясының хабарлауынша, 1986 жылы ол Церматт аймағында тауға шығып, лагерьге қайта оралмаған. Ұзақ уақыт бойы із-түзсіз жоғалғандар қатарында болды. Енді міне, құрал-саймандарымен (тауға шығуға арналған бәтеңке мен таяғы) бірге табылды. Оның сүйегі Сион қаласындағы Вале кантонының кантондық емханасы жанындағы Сот медицина институтында зерттелді.
«ДНҚ нәтижесі бұл 1986 жылдың қыркүйегінен бері із-түзсіз жоғалғандар қатарында болған альпинист екенін көрсетті», - делінген кантондық полицияның баспасөз хабарында.
Жаһандық жылынуға байланысты Альпі тауларындағы мұздықтар еріп жатыр. Соның нәтижесінде альпинистер мен бақташылар ондаған жыл бұрын жоғалып кеткен адам сүйектері мен ескі заттарды жиі тауып жүр.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!