Алматыда кеуде қуысы ішке кіріп өскен екі жасөспірімге ота жасалды
ШЖҚ МКК «Балалар шұғыл жедел медицина көрсету орталығында» 14 жастағы екі науқасқа жоспарлы түрде «Кеуде қуысының деформациясы» ақауына байланысты «Nuss» әдісі бойынша «Торакопластика» отасы жасалынды.
Фото: Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы
15:36 09.08.2023
Отаға дейін екі балада да физикалық жүктеме кезінде(жүру) ентігу, шаршау байқалатын.
Балалар хирургы Мейіржан Құрманалиевтің айтуынша, балалардағы кеуде қуысының ақауларының ішінде кеуде қуысының деформациясы жиі кездеседі. Бұл жағдайлардың шамамен 90% құрайды.
Ұлдар ең осал болып табылады – мұндай кеуде қуысының деформациясы қыз балаларға қарағанда 5 есе жиі кездеседі.
«Төс сүйегінің ішке ұарай тартылуының негізгі себебі – төс сүйегінің қабырғаға жалғасатын шеміршегінің шамадан тыс өсуі. Бұл сүйек тінінің өсуі, шеміршектің өсуінен артта қалғанда пайда болады. Соның салдарынан төс сүйегі кеуде қуысына ене қалыптасады. Кейбір жағдайларда деформация жүре пайда болуы немесе Мешел ауруының салдарынан болуы да мүмкін», - дейді хирург.
Мұндай ота хирургтың біліктілігі мен тәжирибесінің молдылығын қажет етеді. Өйткені, егер ота кезінде кішігірім қателік жасалса, отадан кейінгі төмендегі ауыр асқынуларға алып келуі мүмкін.(кеуде қуысына қан кету, перикардит, жүректің жарақаттауы). Егер дер кезінде асқынулардың алдын алмаса немесе бірден әрекет етпесе соңы өлімге алып келуі мүмкін.
«Бұл операция аз инвазивті жоғары технологиялық әдіспен эндовидеоскопияның көмегі арқылы жасалады. Мұндай инновациялық әдіс МӘМС аясында жүзеге асырылады. Әрбір операция бір сағатқа созылып, сәтті өтті. Қазір жігіттер өздерін жақсы сезінеді», – дейді Мейіржан Құрманалиев.
Ата-аналары дәрігерлерге еңбектері үшін алғыс айтады.
«Менің ұлым құрдастарының алдында киім ауыстыруға ұялатын. Оның үстіне, ұл болған соң футбол немесе басқа ойын түрлерін ойнағанды ұнатады, бірақ оның оған шамасы келмейді, өйткені ол физикалық жүктеме түсіргенде тынысы тарылатын. Дәрігерлерге ұлымның барлық құрдастары сияқты болуына көмектескендері үшін көп рахмет», - дейді жасөспірімдердің бірінің анасы.
Жыл басынан бері ШЖҚ МКК «Балалар шұғыл жедел медицина көрсету орталығынының» хирургтары осындай 50-ге жуық ота жасап үлгерген.
Балалардың 80% -ында ауру өмірдің бірінші жылында көрінеді, бірақ аурудың прогрессиялық дамуы баланың максималды өсу кезеңдерінде болады: 6-8 және 11-13 жаста. Көкірек қуысының деформациясының белгілері; көрінетін деформацияны ғана емес, сонымен қатар жүрек пен өкпенің дисфункциясы сияқты клиникалық белгілерді де қамтиды. Соңғысы әсіресе ересек әйелдер мен ерлерде айқын көрінеді, бұл деформацияның дамуымен байланысты.
Құрметті алматылықтар және қала қонақтары! Балалардағы кеуде қуысының деформациясы бойынша хирургтың кеңесін алу үшін +7 707 117 0448,(274-76-71) Құрманалиев Мейіржан Бекетұлына хабарласуға болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!