{metadescription}
Алматыда қоғамдық көлікте жолақы қымбаттайды

Алматыда қоғамдық көлікте жолақы қымбаттайды

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге өседі.

Бұл туралы мәслихат сессиясында қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин айтты.

Спикердің сөзінше, тасымалдаушылардың шығыны артқанына қарамастан, Алматыда жол жүру құны 11 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген.

«Ағымдағы тариф тасымалдаушылардың шығынын өтемейді. Себебі, жол жүрудің нақты құны бекітілгеннен 3 есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын тасымалдаушылардың шығыстарын субсидия түрінде жауып келеді. 2020-2022 жылдары төленген субсидиялар сомасы 115,8 млрд теңгені құрады. Инфляцияның, жанар-жағар май бағасының өсуі мен қосалқы бөлшектердің шығынын ескере отырып, төленетін субсидиялар сомасы жыл сайын 10-нан 30% дейін ұлғаяды», - деді Асқар Әмрин.

Ол сондай-ақ жолаушылар үшін қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге артатынын мәлім етті.

«Қолма-қол ақшасыз төлеммен – 100 теңге, қолма-қол төлеммен 200 теңге мөлшерінде жаңа тарифтерді қолдану – биылғы жылы субсидиялар сомасын шамамен 10 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Оларды басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге болады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Айта кетейік, «Алматы көлік холдингі» ЖШС дерегіне сүйенсек, жолаушылардың шамамен 97% жол жүру ақысын «Оңай» картасымен, оның ішінде «Оңай» қосымшасында QR-код немесе SMS-хабарлама арқылы төлейді. Жалпы, қоғамдық көлікті күніне 1,4 миллионға дейін адам пайдаланады.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде