СҚО прокурорлары ветеринариялық құжаттарды қолдан жасау фактілерін анықтады
Ветеринариялық қауіпсіздік бойынша тексеру жүргізген Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары ветеринариялық қызметтердің өңірде «Ветеринария туралы» Заңның талаптарын сақтамастан, ветеринариялық құжаттарды беру және жануарларды вакцинациялау тәртібін бұзғанын, ірі қара малға диагностикалық зерттеулер толық көлемде жүргізілмегенін анықтады.
10:52 06.10.2023
Бұл туралы СҚО прокуратурасының баспасөз қызметінің мәліметтері хабарлайды.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, тексеру барысында ветеринариялық құжаттарды қолдан жасау фактілері анықталды (ет өнімдеріне ветеринарлық анықтамалар және вакцинация актілері), олар бойынша Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша сотқа дейінгі 4 тергеп-тексеру басталды.
Сондай-ақ аудан әкімдіктері ветеринария ережелерінің талаптарын бұза отырып, мал қорымдарын тиісті күтіп-ұстауды қамтамасыз етпегені белгілі болды. Малды арнайы пункттерде емес, жеке аулада сою жағдайлары да кездеседі.
Қадағалау органының актісі бойынша 24 лауазымды тұлға, оның ішінде Ветеринария басқармасының басшысы тәртіптік жауапқа тартылды, жол берілген бұзушылықтарды жою және осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша кешенді жоспар әзірленді.
«Уәкілетті органдар малды белгіленбеген жерлерде сойғандықтары үшін адамдарды әкімшілік жауапқа тартуға бағдарланған», - делінген хабарламада.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!