Петропавлдағы балабақшалардың бірінің қызметкерінен туберкулез анықталды
Петропавлдағы Балдәурен балабақшасының қызметкерінен туберкулез анықталды. Аурудың таралуын болдырмау мақсатында мекемеде дезинфекция жүргізілді, алайда ол түскі уақытта, балалар ұйықтап жатқан уақытта жасалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фото: gemotest.ru сайтынан алынды
14:59 06.10.2023
«Балдәурен» балабақшасында туберкулезге қарсы дезинфекцияның жүргізілгендігі жайында тәрбиешілер ата-аналарды ескертіп, ортақ чатқа жазған. Балаларды ертерек әкетуді сұраған. Бұл - тәрбиеленушілердің әке-шешелерінің наразылығын туғызды.
- Бізді ертерек ескертсе, дезинфекция жасалатындығын айтса баланы алып кетеміз ғой. Бұл жұмысты кешке, балалар кеткесін де жүргізуге болады немесе демалыс күні. Балалар ұйықтап жатқан кезде олар бактерияны өлтіру үшін арнайы заттарды сепкен. Санитариялық дәрігерлерге хабарласып білдім, ағзаға түскен улы зат қазір білінбесе де, кейін салдары болуы мүмкін.
Екіншіден, ауырған адам – балабақшаның медициналық қызметкері. Ол біздің балалармен күнде байланыста болған. Қалай бұған жол берген, - дейді Петропавл тұрғыны Әсел Әбутәліпова.
Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының мәліметінше, Петропавлдағы «Балдәурен» балабақшасының қызметкерінде туберкулез ауруының анықталғаны туралы ақпарат келіп түсті. Осыған байланысты қызметтік тергеу жүргізу үшін құрамына денсаулық сақтау және білім беру қызметкерлері кіретін жұмыс комиссиясы құрылды.
- Алдын ала мәліметтер бойынша, осы жағдай жыл сайынғы профилактикалық тексеру аясында анықталды. Қазіргі уақытта бұл қызметкер уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде жұмыстан босатылды.
СҚО бойынша дезинфекция орталығының қызметкерлері барлық үй-жайларды дезинфекциялады. Өңдеу екі кезеңде жүргізілді: «Тынығу уақыты» кезінде бассейн, ойын бөлмелері, дәліздер өңделді, сағат 19.00-ден кейін балабақшаның барлық басқа бөлмелері дезинфекцияланды.
Дүйсенбіден бастап барлық қызметкерлерді тексерістен өткізеді. Байланыста болған балаларға Манту сынамасы қойылады, - делінген ресми жауапта.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!