Жастарға жалға беру үшін ірі қалаларда 9 мың пәтер сатып алынады
Республикалық маңызы бар қалаларда жастарға 3 мың жалдамалы пәтер сатып алу үшін 32,3 млрд теңге бөлінбек.
16:29 18.10.2023
Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрді бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.
«Жастар жылының ашылу салтанатындағы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында 2019-2022 жылдары республикалық бюджет қаражаты есебінен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған 10 мыңға жуық жалға беру пәтерлері салынды. 2023-2025 жылдары аталған қалалардың әрқайсысында қосымша 3 мың жалға беру пәтерлерін сатып алу үшін жергілікті бюджеттерден 32,3 млрд теңге бөлу жоспарлануда», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары жауабында.
Сондай-ақ, ол басқа өңірлердің жергілікті атқарушы органдары өздерінің дайындығы мен қаржылық мүмкіндіктеріне қарай жұмыс істейтін жастар үшін жергілікті бюджет есебінен жалға берілетін тұрғын үй салу мәселесін қарастыратындығын атап өтеді.
«Өз кезегінде, сатып алу құқығынсыз жалға беру тетігі жастарға өз тұрғын үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауға бағытталған. Мұндай жүйе азаматтарды қаражатты ұқыпты жинақтауға және тәуелді көңіл-күйді төмендетуге ынталандырады», - деді Роман Скляр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!