Тараз тұрғыны Чехияға жұмысқа барамын деп жарты миллион теңгесінен айырылып қалды
Шетелге жұмысқа орналастыру туралы алаяқтық әрекеттер жиілеп кетті. Тараз қаласында алаяқтар шетелге жұмысқа орналасқысы келетіндерді Чехияға «жіберген», деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Sputnik / Абзал Калиев
09:03 19.10.2023
Тараз қалалық полициясына 48 жастағы жергілікті тұрғын арызданып, интернет алаяқтардың құрбаны болғанын айтқан.
"Ол Instagram әлеуметтік желісінде Чехияға жұмысқа орналасу туралы хабарландыруды көрген. Әйел сілтеме бойынша өтіп, әлеуетті «жұмыс берушілерге» хабарласқанда, оған құжаттары мен жұмысқа рұқсат алу үшін 500 мың теңге төлеу керек екенін айтқан. Ол ақшаны көрсетілген есепшотқа аударғаннан кейін "жұмыс берушілер" онымен байланысын тоқтатқан", - деп түсіндірді Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Жамбыл облысы ПД «Киберпол» арнайы тобы мен екінші қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады, ол Астана қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты.
«Ер адам өз кінәсін толық мойындады, тергеу жүріп жатыр», - деп түсіндірді полиция.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!