Қазақстанда пышақ салмай, мәйітті компьютерлік сканерлеу арқылы тексеру әдісі енгізілмек
Келер жылдан бастап Қазақстанда мәйітті зерттеу үшін виртуалды аутопсия енгізілуі мүмкін.
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform
17:15 19.10.2023
Яғни, қайтыс болған адамның денесіне тілік жасамай, компьютерлік сканерлеу арқылы тексереді. Мұны Әділет министрлігінің сот сараптама орталығы басшысының орынбасары Назгүл Иманбаева айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Виртуалды аутопсия – арнайы аппараттың көмегімен, 3D бағдарлама арқылы марқұмның денесін сканерлеу. Яғни, мұндай әдісті қолданған кезде мәйітті тіліп, оның ішкі ағзаларын алып зерттеуді қажет етпейді. Ол зорлық, қасақана өлтірілген белгілері бар марқұмдарға қолданылмайды. Ол өз өлімінен немесе қандай да бір дерттен көз жұмғандар үшін қажет. Виртуалды аутопсияны пайдаланатын шет мемлекеттер де сирек. Мұндай әдіс Ұлыбританияда қолданылады», - деді Назгүл Иманбаева.
Оның айтуынша, қазір Әділет министрлігі осындай әдіс арқылы мәйітті зерттеу мүмкіндіктерін қарастырып, мәселені пысықтап жатыр.
«Бұл біз үшін өте жақсы болар еді. Сот-медициналық сараптама жұмысында қиындықтар туындап тұрады. Атап айтқанда діни көзқарасына байланысты көбі мәйітті кесіп, оның ішкі ағзаларын зерттеуге қарсылық білдіреді. Мұндай жағдайда олар арыз жазып, оның өліміне не себеп болуы мүмкін екенін дәлелдеп, марқұмның денесін алып кетуге құқылы. Ал қайтыс болған адамда зорлық-зомбылық белгілері болса, онда оған туыстарының рұқсатынсыз сот-медициналық сараптамасы жасалады. Виртуалды аутопсияны енгізу – бұл мәселені шешуге көмектеседі», - дейді Назгүл Иманбаева.
Орталық басшысының орынбасары атап өткендей, виртуалды аутопсия жасайтын аппарат қымбат тұрады. Оны сатып алу үшін қазір қаражат көздері іздестіріліп жатыр.
«Егер барлығы біз ойлағандай болып жатса және осы әдісті енгізу үшін қажетті құралдарды тапсақ, онда онымен келер жылдан бастап жұмыс істеуге тырысамыз деген үміт бар», - деді ол.
Назгүл Иманбаеваның дерегінше, виртуалды аутопсия аппараттарын орналастыру үшін арнайы кешен қажет. Сонымен бірге онымен жұмыс істей алатын мамандарды оқыту қажет.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!