{metadescription}
Қарызсыз өмір: Қазақстандықтарға консультация беретін кеңселер ашылуда

Қарызсыз өмір: Қазақстандықтарға консультация беретін кеңселер ашылуда

Еліміздің барлық өңірінде несие мен қаржы мәселелері бойынша халықпен тікелей жұмыс істейтін Жобалық кеңселер құрылып жатыр.

Мектеп оқушылары мен студенттерге қаржы сауаттылығы бойынша курстар әзірленуде. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Е. Жамаубаев Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында халықтың шамадан тыс қарыз алу мәселесіне ерекше көңіл бөлгенін, Үкіметке «Қарызсыз қоғам» жобасын бүкіл елімізге ауқымды етуді тапсырғанын еске салды. Бұл ретте Үкімет мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қажетті жұмыс жүргізуде.

«Атап айтқанда, арнайы Жол картасы әзірленіп, бекітілді. Ол 6 негізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтиды. Сондай-ақ бірігіп іс-қимыл жасау үшін мемлекеттік органдар мен «Amanat» партиясы арасында Ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Жол картасының әрбір бағыты бойынша жұмысты үйлестіру үшін әкімдіктерде жауапты лауазымды тұлғалар бекітілді. Республикалық маңызы бар 3 қалада және еліміздің 17 өңірінде халықпен тікелей жұмыс істейтін өңірлік Жобалық кеңселер құрылып жатыр», – деді парламенттік тыңдауда.

Жобалық кеңселердің негізгі міндеті – кредиттер бойынша мерзімі өткен берешекті реттеу, қаржы алаяқтарынан қорғау, азаматтардың банкроттық мәселелерін шешуге, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу және бизнесті қолдау шараларын ұйымдастыру.

Әкімдіктер жобалық офистердің жұмысы үшін қажетті ғимараттар мен материалдық-техникалық базаларды бөледі.

«Жобаның тағы бір маңызды бағыты – азаматтардың, оқушылар мен студенттердің қаржы сауаттылығын арттыру. Бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының студенттері үшін қаржы сауаттылығы курстарын енгізу пысықталып жатыр. Оқушылар үшін арнайы курс әзірленуде. Ол үшін әдістемелер мен оқу құралдары дайындалады. Нәтижесінде осы бағыт шеңберінде 550 мың оқушы мен студентті оқыту жоспарланған», – деді Қаржы министрі.

Сонымен бірге Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде несие алу үшін тұрақты негізде кеңестер беріп отырады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде