Қарыз алушылардың құқығын қорғау үшін заңнамалық түзетулер енеді – Министр
Қарыз алушылардың құқығын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулер пысықталып жатыр.
Фото: primeminister.kz
11:35 20.10.2023
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді, деп хабарлайды Kazinform.
Министрдің айтуынша, халықтың шамадан тыс несие алуын төмендету кешенді шараларды көздейді, әсіресе банктер мен микроқаржылық ұйымдардың пруденциалдық реттеуін қайта қарауды талап етеді. Бұл тұрғыда қарыз алушылардың құқығын қорғауды күшейту бойынша заңнамалық түзетулер пысықталып жатыр.
«Атап айтқанда, түзетулер топтамасы халықтың шамадан тыс несие алуын төмендетуге және борыштық жүктеменің өсуін шектеуге, алаяқтыққа қарсы іс-қимылға және қаржылық қызмет тұтынушылардың құқығын қорғауға; банк омбудсманының қызметін күшейтуге бағытталған. Сондай-ақ кепілсіз онлайн-кредиттеу сегментінде тәуекелдерді азайту мәселелері пысықталып жатыр», - деді Қаржы министрі Парламент тыңдауында.
Аталған проблемаларды шешу тетіктерінің бірі – жеке тұлғалардың банкроттығы мен төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін қолдану болып отыр. Қазір тиісті заң нормалары күшіне еніп, жұмыс істеп жатыр.
«Оның ішінде неғұрлым сұранысқа ие болғаны – соттан тыс банкроттық рәсімі. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша ғана қолдануға болады. Азаматтар өтініштерді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, электронды үкімет порталы арқылы (eGov.kz.), сондай-ақ Е-salyq Аzamat немесе eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады», - деді Е.Жамаубаев.
Жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» атты жаңа ақпараттық жүйе іске қосылған. Бұл ақпараттық жүйе арқылы өтініш беру мүмкіндігін және өтініш берушінің тиісті критерийлерге сәйкестігін 24 мемлекеттік орган мен ұйымдардың базалары арқылы автоматты түрде тексеруге болады.
Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!