{metadescription}
Елдегі 4 қалада әуе жүгін жинақтап, тарататын орталық ашылады

Елдегі 4 қалада әуе жүгін жинақтап, тарататын орталық ашылады

Көлік министрлігі елдегі 4 ірі әуежайдың базасында әуе жүгін жинақтап, тарататын орталық ашылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Үкіметтің жоспары бойынша, аталған хабтар Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларының әуежайларында ашылады. Министрлік мамандары бұл әуежайлардың жалпы инфрақұрылымын жаңарту көзделіп отырғанын, ол жобаларға инвестиция тартылатынын айтып отыр. Бұл инвестицияларға авиаотынмен үздіксіз қамтамасыз ету, кеден процедураларын қағазбастылықтан арылту, құжат ресімдеу жұмыстарын автоматтандыру бағытында жобаларды іске асыру көзделген.

«Астанада Біріккен Араб Әмірліктерінің Terminal Holding кәсіпорнымен белсенді жұмыс жолға қойылды. Бұл жоба аясында елорда әуежайының ұшу-қону жолағын күрделі жөндеуден өткізіп, жолаушылар терминалының өткізу қабілетін 8,5 млн адамнан 14 млн адамға жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ жүк терминалын кеңейтіп, жаһандық деңгейдегі логистикалық операторлармен әріптестік орнату көзделіп отыр. Жанармай құятын кешен де күрделі жөндеуден өтіп, көлік қаңтаратын аумақ үлкейтіледі. Қажетті инвестиция көлемі әлі есептеліп жатыр», - делінген министрлік ұсынған мәліметте. 

Ал Алматы әуежайында түркиялық TAV airports Holding компаниясы 2025 жылға қарай карго-терминал алдындағы перронды жаңартып, жүк тиеу, жөнелту процедураларын түгелдей автоматтандырмақшы. 

«Қазіргі таңда бұл холдинг 200 млн доллардан астам қаражатқа жаңа жолаушылар терминалын салып жатыр. Ол 2024 жылдың жазында қолданысқа берілу керек. Былтыр бұл әуежайдағы жолаушы ағыны 7 млн адамға жеткен. Бұл нысанның қазіргі әлеуетінен 2,5 көп деген сөз. Жоба аяқталғанда жолаушылар ағыны 14 млн адамға дейін артады деген есеп бар. 

Шымкентте SCAT әуе компаниясы жаңа терминал салып жатыр. Соның арқасында оның ауданы 3,8 мың шаршы метрден 35 мың шаршы метрге дейін кеңейіп, жолаушы өткізу қабілеті сағатына 150 адамнан 2 мың адамға жетеді. Қаржыландыру көлемі – 23 млрд теңге. Сондай-ақ әуе айлағының транзиттік әлеуеті артқанын ескеріп, нысан базасында ұшақтарға техникалық қызмет көрсететін және оқыту орталығы бар хаб құру жоспарланған», - делінген министрлік ақпаратында. 

Ал Ақтөбе әуежайының жүк тасымалындағы үлесін арттыруға «Қазпошта» мен «ҚазМұнайГаз» компаниялары атсалыспақ. 

«Қазпошта компаниясы 2023-2024 жылдары ауданы 3,2 гектар болатын инновациялық пошта хабын салады. Оған тартылатын инвестиция көлемі 4 млрд теңге деп есептелген. Ал «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясы 2023-2026 жылдары жанармай сақтайтын қазаншұңқырды кеңейтіп, жанармай құю кешенін жаңартпақшы. Қазіргі таңда әлеуетті инвесторлармен келіссөз жүріп жатыр», - дейді министрлік мамандары. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде