Астаналықтар жарықсыз қалды: апаттың себебі аталды
Астана әкімдігі кеше кешке болған жарықтың жаппай сөнуіне түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.
17:06 30.10.2023
«Кеше сағат 21.57-де қалалық 10 қосалқы станция істен шықты. Салдарынан қаланың негізінен оң жағалауындағы тұрғын үйлер жарықсыз қалды. Әрі қарай сағат 23.00-әуежай қосалқы станциялар іске қосылды. Сағат 23.10-да Бәйтерек қосалқы станциясы іске қосылды. Түнгі сағат 2.00-ге дейін барлық қосалқы станциялар жұмыс істеп тұрды», - деді Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Нұркенов Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 2-ші станциясында технологиялық бұзушылық болған жоқ. ЖЭО-2 штаттық режимде жұмысын жалғастырды және жалғастырып жатыр.
«Төтенше жағдай жетекші желілерде болды. Апатқа себеп – кабельдің үзілуі және шкафтардың бірінің өртенуі. Бұл штаттан тыс жағдай болды, түнгі сағат 2-де барлық абонент электр қуатымен қамтамасыз етілді. 2 сағат бойы қаланың оң жағалауындағы кейбір әлеуметтік нысандарда жарықсыз қалды. Барлық медициналық нысан бойынша дизель-генераторлар іске қосылып, уақытша жарық берілді. Төтенше жағдай кезінде дизель реанимацияны және операциялық блоктарды қамтамасыз етті. Медициналық мекемелердегі қызметке қауіп төнген жоқ», - дейді ол.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!