Израиль мен ХАМАС қақтығысында 31 журналист мерт болды
Американың журналистерді қорғау комитеті 31 қазандағы жағдай бойынша 31 журналист және БАҚ қызметкері Израиль мен ХАМАС қақтығысының құрбаны болды деп мәлімдеді.
Фото: cpj.org
15:19 01.11.2023
Комитет журналистер туралы барлық ақпаратты – қаза тапқан, жараланған, тұтқынға алынған немесе қақтығыс кезінде із-түзсіз жоғалып кеткендер туралы, сондай-ақ соғыс қимылдарының көршілес Ливанға тарап кетуінен зардап шеккендерді зерттеп жатыр. Комитеттің алдын ала тергеуі жанжал басталғалы, яғни 7 қазаннан бері екі тарапта өлтірілген 9000-нан астам адамның 31-і журналист және БАҚ қызметкері екенін көрсетті.
27 қазанда Reuters агенттігі журналистері израильдік соққы нысанына айналмайтынына кепілдік сұрады. Израиль қорғаныс әскері (ЦАХАЛ) Reuters және Agence France Press ақпарат агенттіктеріне жауап ретінде Газа секторында жұмыс істейтін журналистердің қауіпсіздігіне жауап бере алмайтынын мәлім етті.
Израиль Газа қаласына құрлықтан шабуыл жасауға дайындалып жатқан сәтте, Израиль жойқын әуе соққыларын жіберіп, байланыс бұзылып, электр энергиясы сөніп жатқан кезде ақпарат таратуға тырысып жатқан Газа секторындағы журналистер күн сайын өліммен бетпе-бет келеді.
31 қазандағы жағдай:
31 журналистің өлімі расталды: 26 палестиналық, 4 израильдік және біреуі Ливан азаматы.
8 журналист жараланғаны, 9 тілші із-түзсіз жоғалып кеткені немесе тұтқынға алынғаны хабарланды.
Сондай-ақ комитет басқа журналистердің өлімі, жоғалып кеткені, тұтқынға алынғаны, жараланғаны немесе қауіп төніп тұрғаны жайлы, БАҚ кеңселері мен журналистер үйіне зақым келгені туралы ақпараттарды тексеріп жатыр.
«Журналистер – дағдарыс кезінде маңызды жұмыс атқарып жатқан бейбіт азаматтар, олар қақтығыс тараптарының қудалауына ұшырамауы керек», - деді Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка бойынша Комитет бағдарламаларының үйлестірушісі Шериф Мансур.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!