СҚО-да ВИЧ-пен ауыратын 12 бала есепте тұр
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 116 адамға жаңадан ВИЧ диагнозы қойылды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13 сырқатқа көп, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: None
16:32 05.11.2023
СҚО ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының директоры Айман Сыздықованың айтуынша, биыл адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандардың екеуі – шетел азаматы, қалғандары ел тұрғындары. Қазіргі уақытта осы вирусты жұқтырған 1 468 адам орталықта есепте тұр.
«Ауырғандардың орта жасына келетін болсақ, негізінен 40-49 жас аралығындағылар. Қауіпті вирусты ер адамдар көбіне жұқтырады. Есепте тұрғандардың 64%-ы - ерлер. ВИЧ жұқтырған балалар да бар, 14 жасқа дейінгі 12 балаға осы диагноз қойылған. Айта кететін жайт, соңғы екі жылда балалар арасында вирусты жұқтырудың жаңа жағдайлары тіркелген жоқ», - дейді Айман Сыздықова.
Маманның айтуынша, ВИЧ-тен емделмеген жағдайда ол жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромына, яғни, аурудың соңғы сатысына ұласуы мүмкін. Биыл өңірде СПИД-тен екі адам қайтыс болды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 адамға аз.
«ВИЧ-ті СҚО-ның медициналық ұйымдарында жұқтыру фактілері тіркелген жоқ.
Диспансерлік есепте тұрғандар антиретровирусты терапияны өмірінің соңына дейін күнделікті алады. Бұл ем адам бойындағы вирусты азайтады.Қазіргі уақытта антиретровирусты терапияның жаңа түрлері пайда болып жатыр. Олардың жанама әсері минималды, нәтижесі жоғары», - дейді орталық директоры.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!