2,6 млрд теңге: Ақтөбе облысында бюджет қаражаты негізсіз жұмсалмақ болған
Ақтөбе прокурорлары бюджет қаражатын жұмсау саласында талдау жүргізу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы өрескел бұзғандарды анықтады, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Sputnik / Абзал Калиев
14:05 06.11.2023
Облыстық прокуратураның мәліметінше, Ақтөбе қаласы мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары біліктілік талаптарын бұза отырып, 2 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырған.
Мысалы, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу бойынша жобалау-сметалық құжаттамада көзделмеген жұмыстарға лицензия беру туралы талаптар негізсіз белгіленген.
Басқа жағдайда Ырғыз, Алға және Мәртөк аудандарының экономика және қаржы бөлімінің лауазымды адамдары «Автомобиль жолдары туралы» заңның 14-бабының талаптарын бұза отырып, жалпы сомасы 360 млн теңгеге ведомстволық сараптамадан өтпей, жолдарды жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу ісін жүргізді.
Бір көзден 296 млн теңге мөлшерінде шарттарды заңсыз жасасудың 18 фактісі анықталды.
«Қабылданған прокурорлық қадағалау шаралармен бұл сатып алулар жойылды. Нәтижесінде 2,6 млрд теңге сомасына бюджет қаражатының жұмсалуына жол берілмеді», - деді Ақтөбе облысы прокуратурасынан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!