Жетісуда тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары жиілеген
Жетісу облысында жыл басынан бері тұрмыстық сипатта жасалатын зорлық-зомбылық оқиғалары жиілеген. Құзырлы органдар заңға сәйкес 26 істі тіркеді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4 есе көп, деп хабарлайды Kazinform.
15:41 06.11.2023
«Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 26 факті тіркеліп, оның он төртіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал 8 іс тоқтатылды және қалғандарына қатысты тиісті шара жүргізіліп жатыр. Дерекке сәйкес, облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастағы зорлық-зомбылық мәселесі өзекті жағдайда. Жергілікті полиция қызметі күн сайын профилактикалық жұмыс жүргізуге мәжбүр болып отыр. Осы бағытта полиция мүдделі органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, отбасылық зорлық-зомбылықтың, оның ішінде әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірқатар ұйымдастыру шарасын іске асырып жатыр», - дейді Жетісу облысы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қайсар Махметов.
Биылғы 1 шілдеден бастап отбасылық агрессорлар үшін жауапкершілік күшейтілген болатын. Осы кезден бері Жетісу облысында 884 шағым есепке алу кітабында тіркеліпті. Ұрыс-керіс пен қол жұмсау дерегі білінген жағдайда әкімшілік іс жүргізу жәбірленушінің өтінішінсіз қозғалады. Ал отбасындағы әйелі мен бала-шағасын аяусыз ұрып-соғуға бейім адамдарды анықтау бойынша жасалған сараптама өрескел оқиғаның 73 пайызына ішімдік ішу себеп болатынын көрсетіп отыр.
«Өкінішке қарай, құқық бұзу жағдайларының 73 пайызы мас күйінде жасалады. Мұндай маскүнемдерді емдеу мақсатында 56 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілді. Сондай - ақ біз құқық бұзу әрекеттерін шектеу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ол бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болғандарға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылады және сот арқылы ерекше талаптар белгіленеді», - дейді жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қайсар Махметов.
Айтпақшы, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Талдықорғанда «Дағдарыс орталығы» ашылып, жұмыс істеп тұр. Оның қызметі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдауға және әлеуметтік, материалдық, құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Қазір бұл орталықта 35 орын бар. Жақындай мұндай дағдарыс орталықтарын Панфилов, Алакөл аудандарында да ашу жоспарланған екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!