{metadescription}
Үкімет 2024 жылы 16 заң жобасын әзірлейді

Үкімет 2024 жылы 16 заң жобасын әзірлейді

Үкімет 2024 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарын мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform

«Әділет министрлігі Мемлекет басшысының, Үкімет басшылығының тапсырмалары, стратегиялық құжаттар, мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде Үкіметтің 2024 жылға арналған заң жобалау жұмыстары жоспарының жобасын дайындады. Жоспар жобасымен 2024 жылы цифрлық технологияларды, әлеуметтік саланы, зияткерлік меншік саласын, инновациялық қызметті, ғарыш саласын және басқа да салаларды дамыту сияқты өзекті бағыттар бойынша 16 заң жобасын әзірлеу көзделген. Жоспарланған 16 заң жобасының ішінен 2 заң жобасы бұрын реттелмеген қоғамдық қатынастарды регламенттеуге бағытталатын болады. Атап айтқанда, «Digital Bridge 2023» форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы әлемдік озық тәжірибеге жауап беретін, нарықтың қажеттіліктерін де, азаматтардың мүддесін де ескеретін, заманауи құқықтық реттеуші базаны, оның ішінде Цифрлық кодекс жобасын да әзірлеу жөнінде ауқымды міндет қойды», - деді министр бүгін Үкімет отырысында.

Оның атап өтуінше, уақыт талаптарына сәйкес білім және ғылым саласын дамыту және университеттерді тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында нысаналы капитал қоры туралы заң жобасын әзірлеу ұсынылады. Заң жобасын қабылдау қоғамдық қатынастарды реттеуге және нысаналы капитал қорлары саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін белгілеуге, сондай-ақ олардың қызметі мен ұйымдастырылуының нақты жүйесін құруға мүмкіндік береді.

«Бірқатар заң жобасы 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасынан туындайды. Бұл – жер қойнауын пайдалану және нормашығару саласы мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру. Өз кезегінде Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу Қаржылық мониторингті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасынан туындап отыр», - деді Азамат Есқараев.

Бұдан басқа, министр жоспардың жобасы республикалық бюджет және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы жыл сайынғы негізде әзірленетін заң жобаларын көздейтіндігін айтады.

«Осылайша, жоспар жобасы мемлекеттік реттеудің өзекті міндеттерін шешу үшін қажетті заң жобаларын қамтиды және мемлекет дамуының саяси бағытымен сәйкес келеді. Жоспар жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді. «Құқықтық актілер туралы» заңға сәйкес жоспардың жобасын Мемлекет басшысымен келісуге жіберу ұсынылады», - деді ол.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде