10 өңірде «Eolus» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты іс тергеліп жатыр
Қазақстанның 10 өңірінде «Eolus» компаниясының қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: ҚР ҚМА Баспасөз қызметі
10:33 09.11.2023
Қылмыстық іс Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жетісу облыстарында, сондай-ақ Алматы, Астана және Шымкент қалаларында тіркелді.
Ұйымдастырушылар «ENERGY EOLUS QAZAQSTAN» ЖШС-ін бір азаматтың атына тіркеу арқылы оны өздерінің қылмыстық іс-әрекетіне тартқан.
Салымшылар қаражатты инвестициялау кезінде ақшаны алу үшін қажетті соманы жинақтай отырып, күн сайын 2,5-тен 3,5% - ға дейін пайда алады.
Жаңа пайдаланушы тартылған кезде салым сомасының 10% мөлшерінде біржолғы ақшалай сыйақы, сондай-ақ жаңа пайдаланушының жыл ішіндегі күнделікті табысының 4%-ы төленеді. Осылайша, сыйақы сомасы жылдық 3 000%-дықұрады.
Қазақстандағы өкіл ақша қаражатын екінші деңгейдегі банктегі өз шотына қабылдайды, содан кейін криптобиржаға аударып, айырбастауды жүргізеді. Соңында криптошелек арқылы «energyeolus.top» платформасындағы өз шотына аударады.
Кемінде 3 000-ға жуық адам қылмыстық әрекетке тартылған, оның ішінде 1 773 салымшы 259 млн теңге сомаға мүліктік зиян келтірілгені жайлы өтініш берген.
Еске сала кетейік, қаржы пирамидаларын құрғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!