БҚО-да боранда жоғалған 62 жастағы ер адам ұшақпен де іздестіріліп жатыр
Батыс Қазақстан облысында боран кезінде жоғалып кеткен 62 жастағы ер адам ұшақпен де іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Батыс Қазақстан облыстық ТЖД
16:57 23.11.2023
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 22 қараша күні Теректі ауданы Ақжайық ауылында болды.
Сағат 10.00-де 1961 жылғы ер адам жұмыстан шығып кеткеннен үйіне оралмаған. Бұл туралы хабар кешкі сағат 20.37-де түскен.
«23 қараша күні сағат 13.00-де іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысу үшін Орал қаласының әуежайынан «Еврокоптер» әуе ұшағы көтерілді. Бұған барлығы экипажда 3, жеке құрамнан 25 адам, 9 техника жұмылдырылды. БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға ауа райының өзгеруін бақылап, абай болып, енгізілген шектеулер туралы ақпаратпен танысуға кеңес береді. Ақпаратты 112 құтқару қызметінің телефон номерінің хабарламасынан, сондай-ақ «Darmen» мобильді қосымшасының көмегімен нақтылауға болады. Сонымен қатар сапарға шыға қалған жағдайда отын қоры бар канистр (кемінде 20 л) және құюға арналған ыдыс, шай термосы және азық-түлік қоры мен жылы киімнің болуы, ең бастысы, автокөлік техникалық жарамды күйде болуы керек. Төтенше жағдай туындаған жағдайда «112» телефон нөміріне қоңырау шалу қажет», деп хабарлады ведомстводан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!