Алматыдағы өрт: қаза тапқандардың көбі - қазақстандықтар
Хостелде шыққан өрт салдарынан Қазақстан, Өзбекстан мен Ресей азаматтары қаза тапты.
Фото: Александр Павский/Kazinform
11:36 30.11.2023
Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Қайтыс болғандардың көбі — қазақстандықтар. Біреуі — Өзбекстан азаматы, біреуі — Саха Республикасының (РФ) азаматы, қалғандары — қазақстандықтар. Қазір құжаттарын тексеріп, қарап жатыр. Жалпы, жертөлені санитарлық талаптарға сәйкес жасақтауға болады. Бірақ осыншама көп адамды орналастыруға рұқсат бар ма, бұл сұрақтың басы ашық. Анықтаймыз, тергеу жүреді», — деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Қала басшысының айтуынша, әкімдік зардап шеккендер мен эвакуацияланғандарды қолдау бойынша барлық шараларды қабылдап жатыр. Қазіргі уақытта аудан әкімдігі жедел түрде уақытша баспана берді, сондай-ақ барлық эвакуацияланғандар үшін тамақтану ұйымдастырылды. Денсаулық сақтау басқармасы қажетті медициналық және психологиялық көмек ұсынып жатыр.
Ерболат Досаев қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Еске салайық, бүгін мегаполисте хостел өртеніп, 13 адам қаза тапты.
Дәрігерлер өрттен зардап шеккен 2 адамға көмек көрсетті. Олар ауруханаға жеткізіліп, кейін амбулаторлық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілді. Оқиға орнынан 59 адам эвакуацияланып, 56-сы жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!