Мәжіліс «Масс-медиа» туралы заң жобасын мақұлдады
Мәжіліс «Масс-медиа» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
13:45 30.11.2023
Құжатты таныстырған Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік органдардың БАҚ-тың ресми сауалына жауап беру мерзімін 7 күннен 5 күнге қысқарту нормасы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарапынан оң бағаланғанын айтып қалды.
«Заң жобасында «масс-медиа», «грант», «бірыңғай медиа платформа», «Журналистердің құқықтары туралы ұлттық баяндама» деген ұғымдар енгізіледі», – деді министр.
А.Балаеваның сөзінше, заң жобасында мынадай бағыттағы нормалар ұсынылып отыр:
Бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімін үш жыл деп белгілеу;
Бұқаралық ақпарат құралдарының сұрау салуларын қарауды жеті жұмыс күнінен бес жұмыс күніне дейін қысқарту;
Журналистердің құқықтары мен бостандықтарының сақталуы туралы ұлттық баяндаманы дайындау.
Баспасөз картасын енгізу;
Отандық телерадио хабар тарататын спутниктік операторлардың шығындарының бір бөлігін субсидиялау;
2025 жылдан бастап республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшу;
Бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қою тетігін жетілдіру;
Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін өзін-өзі реттеу мәселелері жөніндегі қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру.
Депутаттар да, министр де талқылауда айтылған түйткілдер мен ұсыныстарды екінші оқылымға дейін пысықтап, әрқайсысы бойынша ортақ шешім қабылдау туралы пайымға келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!