Петропавлда сыныптастарын балталаған жасөспірімге үкім шықты
Петропавлда мектепке қаруланып келіп, үш баланы жарақаттаған жасаөспірім ісіне нүкте қойылды. Алқа билердің қатысуымен өткен сотта оқушыларды өлтіруге оқталған кәмелет жасына толмаған бала кінәлі деп танылып, 6 жыл 9 айға сотталды, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: pixabay.com
13:52 30.11.2023
Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының мәліметінше, бүгін СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқа билердің қатысуымен кәмелет жасына толмаған Д.-ға қатысты іс қаралып, айыптау үкімі шықты. Жасөспірім оқушыларға қастандық жасап, өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.
Мемлекеттік айыптаушы мен алқа билерге оның кінәсін дәлелдейтін фактілер, оның ішінде болған оқиғаның бейнежазбасы ұсынылды.
Алқа билердің үкімімен Д. Қылмыстық кодекстің 24-бабы 2-бөлігі, 99-бабы бойынша 6 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын кәмелетке толмағандарға арналған түзету колониясында өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге салайық, оқиға ақпан айында Петропавлдағы №4 орта мектепте таңертең болды. Осы оқу ордасының 9-сынып оқушысы сөмкесіне тығып, өзімен бірге ас үйде қолданылатын балта мен пышақты ала келген.
Кейін бетіне бетперде киіп, қарсы шыққан үш жасөспірімді жарақаттады.
Осы төтенше жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Жасөспірімнің ақыл-есінің дұрыстығын анықтау үшін онымен мамандар жұмыс істеді. Сараптама жұмыстары жасөспірімнің өз ісіне жауап бере алатынын көрсетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!