Алматы хостеліндегі өртке «Халық банктің» қатысы бар ма – Бас прокурордың орынбасары жауап берді
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы хостеліндегі өртке «Халық банктің» қатысы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: gov.kz
15:08 30.11.2023
«Әрине тергеу барысында мұның бәрі зерделенеді. Қазіргі бірінші тарап жатқан ақпарат бойынша, «Халық банктің» қасындағы бір филиалының ғимараты деген мәлімет айтылып жатыр. Яғни, ол одан әрі жалға берген. Жалға алған – «ALA Hostel» деген жауапкершілігі шектелген серіктестік. Әрине, бірінші кезекте бұл хостелді осындай жалға алу талаптарын сақтамай отырып қолданған ЖШС басшыларының жауапкершілігі қарастырылуы тиіс. Кінәсіздік презумпциясы дейді ғой. Мен алдын ала еш нәрсе айтпай-ақ қояйын, бірақ тергеу барысында осы өрттің не себепті шыққаны туралы және оның салдары тікелей ғимараттың басшыларына немесе оны жалға берген компанияның басшыларына қатыстылығы анықталса, ешкім заңнан құтыла алмайды», - деді ол.
Бас прокурордың орынбасары тергеу кезінде қазір айтылып жатқан ақпараттардың бәрі толық тексерілетінін атап өтті.
«Бірақ мұның бәріне қазір «мынау кінәлі» деп айтуға әлі ертерек. Сіздер БАҚ ретінде сұраған соң айтуым керек. Оны жариялауға әлі ертерек. Нақты қылмыстық іс бойынша айып тағылған жоқ. Сол себепті кішкене күту керек. Бірақ осы бағытта жұмыс атқарылатынына мен сіздерді сендіргім келеді», - деді Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!