Мәжіліс ТМД елдерінде қауіпті аурулармен күреске қатысты заңды қабылдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Kazinform
15:22 30.11.2023
Құжатқа 2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында қол қойылған.
«Бұл келісімге 11 елдің 8-і қол қойды. Құжат аясында аса қауіпті ауруларға, яғни төтенше жағдайға қатысты инфекциялық індеттердің таралуына жол бермеу жөніндегі келісілген іс-шараларды атқару қарастырылған. Аурулардың толық тізбесі осы Келісімге қосымшада айқындалған. Бұдан басқа, Келісім халықтың денсаулығы үшін қауіпті және төтенше жағдайлардың болуы мүмкіндігімен байланысты тауарлардың жеткізілуін болдырмауға бағытталған», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.
Оның айтуынша, аса қауіпті инфекциялық ауруларға қатысты мәселелер бойынша елдердің өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД-ға мүше мемлекеттердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің кеңесіне жүктеледі.
«Келісімде мемлекеттердің өтініші бойынша осындай аурулар мен тауарларды анықтау және таралу жағдайлары туралы барлығын жедел хабардар ету, сондай-ақ эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу үшін практикалық, техникалық көмек көрсету бойынша ТМД елдерінің міндеттемелері айқындалған», - деді министр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!