Парламент үш жылға арналған бюджетті қабылдады
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «2024 – 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңына қатысты Сенат жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптармен келісті, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі
17:10 30.11.2023
Айта кетейік, өткен аптада Сенат үш жылдық бюджетке түзету енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Сол кезде сенатор Сұлтанбек Мәкежанов осы заңды талқылау барысында Сенаттың тұрақты комитеттерінен және депутаттардан өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде 180 ұсыныс келіп түскенін айтты.
Ал бүгін аталған құжатқа енгізілген түзетулерді Мәжілістің жалпы отырысында қарау кезінде депутат Мархабат Жайымбетов заңның негізгі мақсаты мемлекеттік әрі әлеуметтік міндеттерді толыққанды орындап, өңірлердің қуатын көтеруге басымдық берілгенін айтты.
«Сенаттың ұсынысы Үкімет пен Президент резерві есебінен қарастырылып, жалпы бюджеттің параметрлері өзгеріссіз қалды. Біріншіден, Үкімет резервінен өңірлерді дамытуға қосымша 44 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Яғни өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғыртуға 30 млрд теңге бөлінеді. «Ауыл – ел бесігі» жобасына қосымша 13,6 млрд теңге жұмсалады. Президент резервінен қосымша қаражат Мемлекет басшысының маңызды бастамаларын іске асыруға қарастырылған. Оның ішінде 33 мыңнан астам кенші 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін алғаш рет арнайы әлеуметтік төлем алады. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулармен келісуге болады есептейді», - деді М. Жайымбетов.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Сенаттың түзетулерін қолдады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!