Газа секторынан Қазақстанның 28 азаматы эвакуацияланды
Қазақстандық гуманитарлық жүк ұшағы Газа секторынан осында эвакуацияланған өз азаматтарын Мысырдан алып кетті, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Асылбек Жолшыбек / Kazinform
20:52 10.12.2023
Эвакуацияланғандар саны – 28 адам. Қазақстанның Мысырдағы елшілігі өкілінің айтуынша, Газа секторында біздің елдің азаматтары әлі де қалды.
«Алдын ала мәлімет бойынша, онда әлі 10 адам қалды. Бұл Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері. Оларды эвакуациялауға келетін болсақ, бәрі қазіргі әскери жағдайға және олардың Мысырға жете алатындығына байланысты», - деді Қазақстан Республикасының Египет Араб Республикасындағы Елшілігінің кеңесшісі Санжар Уәлиханов.
Сондай-ақ Мысыр Қызыл Жарты Ай өкілі Қазақстан жағынан алған жүктер арнайы дренажға, одан кейін Рафак арқылы Палестина жағына кезекпен жөнелтілетінін хабарлады.
Босқындардың өздері де жағдайын айтты.
«Біз жақында Палестина автономиясында, Газа секторында тұрдық. Онда менің күйеуім қалды, сол мүмкіндікті пайдаланып, ол да маған келіп, отбасын біріктіруі үшін көмек сұраймын. Ол дәрігер, мен де медбике болып жұмыс істедім. Бізде бес бала болды, екі апта бұрын қызымды өлтірді, ол 19 жаста, 6 айлық жүкті еді. Ол күйеуімен, жиендерімен және ата-анасымен бірге қайтыс болды», - дейді Қазақстан азаматы ретінде Газа секторында тұрған Оксана Хеллес.
«Мен палестиналықпын, Қазақстанда оқыдым, медициналық университетті бітірдім. Қазақстан Республикасының азаматына тұрмысқа шықтым, сонымен қатар Қазақстан азаматымын. Соғыс біз үшін ауыр сынақ болды. Біз қаншама жыл өмірімізді жақсы арнаға бұрдық, бәрі бір сәтте жойылды», - деді Элянка Ахмет.
Эвакуацияланғандар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Сыртқы істер министрлігіне және Қазақстан Республикасының Мысырдағы Елшілігіне зор алғыстарын білдіріп, одан әрі көмек сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!