Атырау облысындағы каналдан 441 келі өлген балық жиналды
Атырау облысындағы Тұзды көліне құятын каналда мөңке балығы қырылған. Кеше кешке дейін каналдан 441 келі өлі балық жиналып алынды, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы
14:06 03.01.2024
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, Балық шаруашылығын ғылыми-өндірістік орталығы, Атырау облысы бойынша экология департаменті, Жылыой ауданының прокуратурасы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен жұмысшы тобы құрылған.
«Жұмыс тобы оқиға орнына барып, каналда мөңке балығының қырылғаны анықталды. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өлген балықты жинау, кейіннен жою жұмыстары ұйымдастырылды. Кеше, 2 қаңтарда жергілікті уақытпен сағат 21:00–дегі жағдай бойынша жиналған балықтың салмағы — 441 келі», - деп хабарлады инспекцияның баспасөз қызметі.
Бүгін, 3 қаңтарда өлген балықты жинау жұмыстары жалғасады.
Балық қырылған жерден зертханалық зерттеу үшін өлген балық пен судан сынама алынған.
«Алдын ала болжамға сәйкес балықтың қырылуына судағы оттегінің жетіспеушілігі себеп болған. Өйткені, ауа температурасы төмендеп, каналда мұз қатқан», - деп мәлім етті инспекцияның баспасөз қызметінен.
Балық қырылған канал Жылыой ауданында орналасқан.
Аудан орталығы — Құлсары қаласын көктемгі қарғын су баспауы үшін судың артық көлемі канал арқылы Тұзды көліне жіберіледі.
Арнаның ұзындығы — 3 шақырым.
Бұрын бұл арнада балықты құтқару жұмыстары жүргізілмеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!