Қызылорда облысы әкімдігінің екі лауазымды тұлғасы жазаланды
Қызылорда облысы әкімдігіне қарасты екі басқарманың лауазымды тұлғалары «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның талаптарын бұзғандары үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform
12:03 16.01.2024
Облыс прокуратурасы мал жаюға арналған жайылымдардың жетіспеушілігіне талдау жасап, нәтижесінде мал санының статистикасын қалыптастыру барысында бұзушылықтарға жол берілгенін анықтады.
Аталған дерек бойынша прокуратура облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына ұсыну енгізді. Дегенмен осы басқарманың басшысымен қадағалау актісіне уақытылы жауап берілмегендіктен, ол сотпен ҚР ӘҚБтК-нің 664-бабымен әкімшілік айыппұл түріндегі жауаптылыққа тартылды.
Өзге жағдайда Қызылорда облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Табиғат қорғау прокуратурасының тексеруге қажетті құжаттарды ұсыну туралы талабына немқұрайлылықпен қарап, прокурордың заңды талабын орындамаған.
Аталған әрекет үшін басшысы сот қаулысымен ҚР ӘҚБтК-нің 665-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оған 172 мың теңге айыппұл салынды.
Дереккөз: KAZINFORM
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!