Мұғалімдерге арналған жаңа бағдарламалар әзірленіп жатыр
Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары қайта қаралып жатыр. Бұл жайында оқу-ағарту министрлігінен мәлім етті.
18:19 16.01.2024
«Президенттің 2023 жылдың 5 қазандағы Республикалық педагогтер съезінде берген тапсырмаларын орындау мақсатында қазіргі уақытта Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары қайта қаралып жатыр. Аттестаттау қағидаларының жобасында оқыту мен оқыту практикасына негізделген педагогтерді бағалау көзделеді. Бұдан басқа, педагогтердің, басшылардың, әдіскерлердің, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің сабақтарды бақылауы қарастырылады. Қағидалар жобасында оқыту сапасын арттыру арқылы нәтиже беретін педагогтің тиімді тәжірибесіне назар аударылады. Бүгінде білім беру ұйымдарының педагогтері кемінде үш жылда бір рет біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Қазіргі уақытта курстық даярлық тәсілдерін жаңарту бойынша педагогтердің біліктілік санаттарына сәйкес деңгейлік білім беру бағдарламалары әзірленуде», - деп атап өтеді министрліктен агенттіктің ресми сауалына орай.
Ведомствоның нақтылауынша, педагогтердің келесі деңгейлеріне сәйкес оқытудың жаңа әдістемелерін меңгеруі мынадай тақырыптарды қамтиды:
* бастауыш (қарапайым) – оқытудың неғұрлым тиімді әдістерін, білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау тетіктерін игеру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға (педагог-тағылымдамашылар мен педагогтерге бағдарланған);
* жалғастырушы (орта) – білім алушылардың білім жетістіктері мониторингінің нәтижелері (ББЖМ) бойынша көрсеткіштері төмен болған білім алушылармен жұмыс істеуге (педагог-модераторға, педагог-сарапшыға бағдарланған);
* жетілдірілген (күрделі) – нақты пәнді тереңдетіп оқыту және дарынды білім алушылармен жұмыс әдістерін игеру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға бағытталған (педагог-сарапшыға, педагог-зерттеушіге және педагог-шеберге бағдарланған).
«Педагогтердің біліктілігін арттыру курстары бағдарламаларының мазмұны «Педагог» кәсіби стандартына сәйкес педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік, цифрлық және басқа да құзыреттердің оңтайлы арақатынасын қамтитын болады. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар педагог кадрларға қажеттілікті ескере отырып, педагогтерді даярлау, жұмысқа орналастыру, біліктілігін арттыру, әдістемелік және әлеуметтік қолдау жөніндегі өңірлік бағдарламаларды әзірлеуде», - деді министрліктен.
Дереккөз: KAZINFORM
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!