Шіркеу басшысы шоқыну мерекесі күндері сақтық шараларына шақырды
Ақтауда шоқыну мерекесі күндері суға түсу орындары 4-шағынауданда ұйымдастырылады. Бұл туралы қаладағы Благовещенский шіркеуінің басшысы, протоиерей Сергей Понич айтты.
Фото: Pixabay
08:32 18.01.2024
Суға түсу діни рәсімі «Ұлы мұхит» деп те аталады. Ол 18-19 қаңтар күндері өтеді. С.Поничтің айтуынша, адамдарға арнайы дайындық қажет емес. Биыл мұз ойықтары 4-шағынаудандағы теңіз жағалауында жасалды.
«Мереке әлемнің 145 мемлекетінде тойланады. Бұл күні суға түскен адам барлық күнә мен сырқаттан айығады деген сенім бар. Шіркеу қызметкерлері де осы мерекені асыға күтеді. Алдын ала дайындықты талап етпейді. Дегенмен, шоқыну мерекесінде мұздай суға түсетіндер үшін сақтық шаралары қарастырылған», – деді Сергей Понич.
Төтенше жағдайлар департаменті екі күн бойы судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Мәліметке сүйенсек, адамдар суық суға түспес бұрын денені жылытып, физикалық жаттығулар жасап алуы керек. Ыңғайлы, тайғанақ емес және тез шешілетін аяқ-киім қажет. Сондай-ақ ағза мұздап кетпеу үшін суда 1 минуттан артық тұруға болмайды. Шомылғаннан кейін сүлгімен сүртініп, жылы, құрғақ киім киіп, ыстық шай ішкен жөн. Суға секіруге және баспен сүңгуге, спирттік ішімдіктер ішуге және мас күйінде суға түсуге, жүрек-тамыр аурулары бар адамдарға мұздай суға кіруге тыйым салынады.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шараға 32 адам, 8 техника жұмылдырмақ.
Дереккөз: KAZINFORM
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!