Павлодар облысында алаяқтардың қылмыстық тобы ұсталды
Павлодар облысында азаматтардың 25 млн теңгесін жымқырған алаяқтардың қылмыстық тобы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Фото: freepik
11:40 18.01.2024
Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы Ақсу қаласы тұрғындарының, оның ішінде Ақсу ферроқорытпа зауыты қызметкерлеріне түрлі көмек көрсетеміз деген сылтаумен сеніміне кіріп, қаржы алып отырған.
Қылмыстық топтың құрамында Ақсудың екі тұрғыны бар.
Ұстау шараларын Павлодар облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері жүргізді.
– Ұсталғандар алаяқтықтың 6 фактісіне қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Шығын көлемі 25 млн теңгеден асады. Сондай-ақ күдіктілердің Павлодар облысының аумағында болған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі. Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер Ақсу қалалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляорына қамауға алынды, – деді облыстық Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Диас Қадыров.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес адам өзінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін қылмыс жасағаны үшін кінәсіз деп есептеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!