Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac вакцинасын қашан тіркейді
Денсаулық сақтау вице-министрі - мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова отандық QazVac вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қашан бекітетінін түсіндірді.
Фото: Zuma/ТАСС
12:19 18.01.2024
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеуі үшін биомасса өндірісінен бастап ыдыстарға құюға дейін вакцина өндірудің толық циклі қажет екенін бірнеше рет айттық. Қазір вакцинаны құю жүйесіне қатысты GMP сертификаты бар. Сонымен қатар, екінші кешеннің құрылысы аяқталуға жақындады, оның базасында биомассалық вакцина дайындалады. Яғни құрылыс толық аяқталғаннан кейін, бұл қадамдар ДДҰ сертификатын бірнеше бағыт бойынша алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, коронавирус вакцинасын ғана емес, басқа да екпе шығаруға сертификат алуға ықпал етеді», - деді А. Есмағамбетова Сенаттағы баспасөз мәслихатында.
Журналистер неліктен басқа елдердің вакциналары тез арада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рұқсатын алып үлгергенін сұрады.
«Өйткені біз зауыттың құрылысын нөлден бастадық. Кез келген биофармацевтикалық зауыттың құрылысы – бұл өте жоғары талаптарды талап ететін өте күрделі процесс, ол айтарлықтай көп уақытты қажет етеді», - деп түсіндірді Айжан Емағамбетова.
Вице-министр Қазақстанда бұл жұмыстың қысқа мерзімде жүргізілгенін айтты.
Дереккөз: KAZINFORM
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары