Ақтауда қандала улаймын деп екі баланы өлтіріп алған әйел 5 жылға сотталды
18 қаңтарда Ақтау қалалық соты пәтеріндегі қандаланы қырамын деп абайсызда екі баланы улап алған әйелге қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz
Фото: caravan.kz
17:41 18.01.2024
Қайғылы оқиға былтыр болды. Ақтау қаласы тұрғындарының бірі пәтеріне Алматыдан сатып алған қандалаға қарсы белгісіз дәріні шашып шығады. Бір қабат жоғары тұратын көршілерге аммиак көтеріліп, тұрғындар уланып қалған. Салдарынан 10 айлық және 2 жасар екі бала қайтыс болды.
Балалардың жағдайы нашарлап, дәрігер шақырғанымен, аман алып қала алмады. Сол үйдің тағы екі баласы уланып ауруханаға түсті.
Бүгін сот айыпталушыға үкім шығарды. Пәтер иесі 304-бап 3-бөлігі "Абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша айыпты деп танылып, бес жыл бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтейді.
Әйел сот залында қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Өткен жылдың қараша айында Ақтауда қандаланы өлтіру үшін пәтерді улап, екі баланың өліміне себепші болған пәтер иесіне әлі күнге дейін алдын алу шарасы жасалмағаны, әйел әлі бостандықта екені хабарланған.
Кейінірек екі баланыңы әкесі Жанболат Келмеденов дезинсекцияға арналған препараттың құрамы анықталмай жатқанын айтты. Ер адам екі бірдей баласының өліміне себепші болған көршісін кешірмейтінін мәлімдеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!