Газ бағасы әлі арзандап жатыр
Еуропада газ бағасы 2022 жыл соңындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 2023 жылы шамамен 60%-ға арзандады. Бағаның төмендеуі негізінен газдың рекордтық қорлары мен жаңартылатын энергия көздері есебінен жалғасуда, деп жазады kazinform.
Фото: primeminister.kz
11:24 22.01.2024
Бұл туралы жексенбіде Bloomberg агенттігі хабарлады.
Өткен жылдың қазан айында Палестина-Израиль қақтығысының шиеленісуіне және Қызыл теңіз арқылы халықаралық жеткізілімдер тудырған мәселелерге қарамастан Еуропада сұйытылған табиғи газ бағасының төмендеуі жалғасып жатыр.
Агенттік бұл жағдайды газдың рекордтық қоры, жаңартылатын энергияны дамытуға инвестицияның көп салынуы және ірі өнеркәсіптік елдерде энергияға сұранысты шектейтін әлсіз экономикалық өсумен байланыстырып отыр.
Алайда бағаның төмендеуі тоқтап, Еуропа елдері, сондай-ақ Жапония, АҚШ және Қытай тағы да дағдарысқа ұшырау қаупі бар.
«Тек бағаға қарасақ, дағдарыс біткен сияқты көрінуі мүмкін. Егер жеткізілім кенеттен қысқарса немесе салқын күн райы ұзаққа созылса, баға осы жылыту маусымында да қайта өсуі мүмкін», — деп келтіреді агенттік MET International швейцариялық зерттеу компаниясының СТГ сауда бөлімінің басшысы Балинт Конц сөзін.
СТГ транзитін құруға ірі халықаралық инвестиция салынғанына қарамастан жаңа қуаттың көбі 2025 және 2026 жылдарға дейін болмайды.
Ал Ресей Федерациясынан Украина арқылы Батыс және Орталық Еуропа елдеріне газ тасымалдайтын транзиттік желі туралы келісімі осы жылдың соңында аяқталады.
«Келісім ұзартылатыны туралы ақпарат жоқ. Желіні жабу газ жеткізу көлемін азайтады. Бұған қоса, жиі болатын экстремалды ауа райы жағдайы энергетикалық жүйеге салмақ салып, СТГ-ға сұранысты арттыруы мүмкін» делінген ТАСС хабарламасында.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!