Қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындарға 322,9 млрд теңгеге айыппұл салынды
Өткен жылы елімізде кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластамау талаптардың бұзылуына қатысты 1 679 факті анықталып, жалпы көлемі 322,9 млрд теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті.
20:06 23.01.2024
«Былтыр экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында 652 тексеру іс-шарасы өтті. Оның нәтижесінде 1 679 заңбұзушылық анықталып, ұйғарым берілді. Жалпы көлемі 322,9 млрд теңгеге әкімшілік айыппұл салынды. Қоршаған ортаны ластағаны үшін үлкен көлемдегі айыппұл «Karabatan Utility Solutions» ЖШС (7,2 млрд теңге) және «Теңізшевройл» ЖШС-ға (2,8 млрд теңге) салынды», - деді Ерлан Нысанбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, министр өткен жылы ірі көлемде айыппұл салынған өңірлерді атады.
«Шығыс Қазақстан облысы 2,6 млрд теңге, Қызылорда облысы 681,8 млн теңге, Абай облысы 677,5 млн теңге, Ақтөбе облысы 133,8 млн теңгеге айыппұл арқалады», - дейді ведомство басшысы.
Е. Нысанбаевтың айтуынша, айыппұлдардың басым бөлігі нормативтен тыс шығарындылар мен өз еркімен (арнайы рұқсатсыз) эмиссиялар үшін салынды.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!