Сенатор қазақ-қырғыз шекарасында жүкті тексеруге қатысты ұсыныс айтты
Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекетінде жүк тасымалына тиісті бақылаудың жоқтығы туралы айтты.
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
13:48 25.01.2024
Депутаттың сөзіне қарағанда, осы өткізу пунктінде контрабанда мен тыйым салынған заттарды анықтаумен тек шекара қызметі айналысады. Онда да тек көзбен шолып тексеру жүргізетін болып шықты. Ол тек соңғы 3 жылдың ішіндегі жағдай. Бұл кезеңде Қырғызстаннан Қазақстанға «Шалдуар» станциясы арқылы 190 мың тонна жүк импортталып, 3 млн 565 мың тонна экспортталды.
«Бекетте өнім мен шикізат үлгілерін зерделеу мүмкіндігі жоқ, нәтижесінде заңды тауар ретінде тыйым салынған жүктерді тасымалдау қаупі жоғары. Бұл еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне де теріс әсер етеді. Тиісті бақылаудың болмауы Қырғызстанмен шекаралас өңірлерді қылмыс жайлауына және тауарларды заңсыз тасымалдаумен айналысатын топтардың пайда болуына әкеледі», - деді А.Лукин Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.
Сенатор осыған байланысты Үкіметке осы бекетте жүктердің қозғалысын бақылау тәртібін реттейтін және күшейтетін нормативтік-құқықтық акті қабылдауды ұсынды.
«Құқықтық олқылықты жою, сондай-ақ заң ережесінің бұзылуын болдырмау мақсатында «Шалдуар» бекетінде арнайы бақылау пунктін ашу, вагондарды қарау жылдамдығы мен сапасын арттыратын әдістерді енгізу, өткізу пункттерінде кептелістерге жол бермеу үшін жеке орындарды айқындау, сондай-ақ еліміз ішінде тауарды түсіріп алуға жол бермеу үшін ЕАЭО елдеріне жіберілетін транзиттік вагондарда электронды навигациялық пломбаларды қолдануды ұсынамын», - деді депутат.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!