Ақтөбеде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Ақтөбеде мектептерге шабуыл жасайтынын айтып, хабарлама таратқан әлеуметтік желі қолданушысы іздестіріліп жатыр.
Фото: Polisia.kz
17:27 25.01.2024
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді басталды. Ақтөбе қаласындағы мектептерде қауіпсіздік шарасы күшейтілді. Бүгін түстен кейін мектепте оқушылар аз болды.
"Қазір мектептегі жағдай бірқалыпты. Әлеуметтік желіде ақпарат тараған соң кейбір ата-аналар балаларын мектепке жібермеді. Бірақ мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздік ережелерін сақтап отырмыз. Кезекші мұғалімдер қойылды. Сонымен бірге қосымша есіктер жабылып, бір есік қана ашылып отыр. Бүгін түстен кейін балалардың жартысынан көбі сабаққа келмеді. Олар онлайн түрде оқытылып жатыр келмеген соң. Жалпы бұл мектепте мыңнан астам бала оқиды. Ал келген балаларды тек ата-аналары алып кетуі тиіс қауіпсіздік үшін, - деді №27 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Әсел Алиева.
Ал Ақтөбе облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жүріп жатқанын хабарлады.
"Қазіргі таңда құзіретті органдармен бірлесіп, осы ақпаратты таратқан тұлғаларды анықтауға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүргізіліп жатыр. Ал оларға жақын жерлерде полиция жасақтары көбейтілді. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында ғимаратқа кіргізу режимі бақылауға алынды. Осыған ұқсас жалған хабарламалар биыл Ресей Федерациясының бірқатар қаласында да болған екен. Бұл хабарламалар халық арасында дүрбелең туғызуға арналған. Азаматтардан арандатушылыққа берілмеуін және тыныштықты сақтауды сұраймыз. Жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында",- деді Ақтөбе қалалық полиция басқармасы бастығы Әсет Қалиев.
Айта кетейік, бүгін таңертең Ақтөбе қаласындағы мектептерге шабуыл жасалатынын туралы хабарланды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары