Евангелие шіркеуінде сексуалды зорлықтың мыңдаған фактісі анықталды
Германияның Евангелия шіркеуінен жанжал шықты: зерттеушілер соңғы онжылдықтарда кем дегенде 1 250 діни қызметкерден жыныстық зорлық және жәбір көрген 2 225 адамның есімін растады, деп жазады Еuronews.
09:37 26.01.2024
Бұл «айсбергтің ұшы ғана» дейді жоба жетекшісі Мартин Вацлавик.
Тергеу үш жыл бойы Германияның бірнеше университетінде шіркеудің өз тапсырысымен жүргізілді, оған 3,5 млн еуродан астам қаражат бөлінді.
«Институция ретінде біз де сансыз адамдарға қарсы жасалған сансыз қылмыстарға кінәліміз және мен біз ренжіткен барлық адамдардан шын жүректен кешірім сұраймын», — деді Евангелия шіркеуінің басшысы Кирстен Ферс тергеу қорытындылары жария етілген кезде.
Жәбірленушілер тергеудің тым кеш жүргізілгенін сынады, бірақ жұмысты мемлекеттік деңгейде де жалғастыруға шақырды.
«Евангелие шіркеуінде сексуалды зорлық-зомбылық мәселесі бар. Біз мұндай жағдайларды жиі кездестіреміз, бірақ жәбірленушілер аты-жөнін жариялағанда оларға қалай қарайды деген мәселе де бар», — дейді зорлық-зомбылық құрбандарының бірі Катарина Крах.
Тергеу авторларының пікірінше, евангелие шіркеуіндегі зорлық-зомбылық құрбандарының нақты саны шамамен 10 мың адам болуы мүмкін.
2018 жылы зерттеушілер Германияның католик шіркеуінде 1945-2014 жылдар аралығында балаларға сексуалды зорлықтың 3 мыңнан астам оқиғасын анықтады.
Бұл жағдайдан кейін бір миллионнан астам неміс азаматы шіркеуден ресми кетіп қалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!