Жол ережесін бұзған Павлодар тұрғындары 1,5 млрд теңге айыпұл төлеген
Полицейлер былтыр жол қозғалысына қатысты 132 мыңнан астам фактіні тіркеген.
Фото: Павлодар өңірлік коммуникациялар қызметі
11:18 26.01.2024
Мыңнан астам жүргізуші куәлігінен айрылды. Облыста патрульдік автокөліктерге орнатылған 48 автоматты жол жүру ережесін тіркеу жүйесі, 6 "кибер-шериф" аппараттық-бағдарламалық кешені жұмыс істейді.
Олардың көмегімен 29 мың заңбұзушылық анықталып, жалпы сомасы 402 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Полицейлер биыл тағы 4 кешен сатып алу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Өткен жылы Павлодар-Қызылорда республикалық тас жолында 12 камераға 3 «Зерек» жүйесі орнатылды.
"Ертіс-Баян өңірінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі. Былтыр біздің қызметкерлер 132 мыңнан астам фактіні тіркеп, жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге айыппұл салды. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында өңірдегі жол – көлік оқиғаларының саны 3%-ға немесе 20 фактіге төмендеді", - деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Атап өтерлігі, жол қозғалысын қадағалаудың тиімділігін арттыру мақсатында полицейлердің планшеттерінде «Қорғау» мобильді қосымшасы орнатылған.
Оның көмегімен 118 автокөлік айып тұрағына қойылып, көлік иелері 8 млн теңгеден астам сома айыппұлға кесілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!