Астана әуежайында ұшақтардың түнде ұшып-қонуына шектеу қойылады
Биыл 1 мамырдан бастап елорда әуежайының ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізуге байланысты шектеулер енгізіледі. Бұл туралы әуежайдың қызметі хабарлады.
Фото: Астана халықаралық әуежайы
13:23 31.01.2024
Астана қаласының әуежайын толық жаңғыртуға байланысты дайындық жалғасуда. Оның шеңберінде Көлік министрлігі елорда әуежайы басшылығымен бірлесіп, отандық және шетелдік әуе компаниялардың өкілдерімен кеңес өткізді.
«Бірқатар келіссөздердің, ауа райы болжамының, әуежайдың әртүрлі уақыт аралығындағы жүктемесін зерделей келе, жолаушылар үшін туындайтын қолайсыздық салдарын азайту мақсатында түнгі уақытта күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Осылайша, 2024 жылғы 1 мамырдан 24 желтоқсанға дейін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін Астана қаласының әуеайлағында әуе кемелерінің ұшып-қонуына шектеу қойылады. Бұл шара әуежай ұсынатын қызметтердің сапасына кері әсер етпейді», - деп жазылған ресми хабарламада.(
Өз кезегінде ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу жұмыстары барлық қажетті құрылыс нормалары мен қауіпсіздік нормаларын сақтап, Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің тұрақты бақылауымен жүргізілмек.
Әуежайдың қазіргі ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт бұрын пайдалануға берілген және сенімгерлік басқару кезеңінде инвесторға артылған басты міндет – ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу болған.
«Осы ірі жобаны іске асыру инвестордың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бірінші кезекте әуе кемелерінің барлық түрлерін шектеусіз қабылдау үшін ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әуеайлақ жабындарының сапалық сипаттамаларын жақсартуға бағытталған. Осы орайда рейстер кестесіне өзгерістер енуі мүмкін. Сондықтан жолаушыларға әуе компаниялары мен әуежайдың анықтамалық қызметтерінен рейс статусын нақтылау ұсынылады», - дейді әуежайдың баспасөз қызметі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!