Атырау облысында күкірт тиелген вагондар теміржолдан шығып кетті
Атырау облысында жүк пойызының 7 вагоны теміржолдан жартылай шығып кетті. Вагондарға күкірт тиелгені анықталып отыр.
Фото: Атырау облыстық ТЖД
11:23 14.02.2024
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, оқиға бүгін, 14 ақпанда болған.
«Бүгін, 14 ақпанда жергілікті уақытпен сағат 03:25-те Жылыой ауданы, Құлсары теміржол стансасына қарасты №11-теміржолда жүк пойызының вагондары рельстен жартылай шығып кеткені тіркелді. Жүк вагондарын алып келе жатқан тепловоздың «Теңізшевройл» ЖШС-ға тиесілі екені анықталды. Жүк пойызының құрамында 62 вагон болған. Күкірт тиелген вагондардың 7-еуі рельстен жартылай шығып кетті», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Рельстен шығып кеткен вагондардан күкірт төгілмеген. Ешкім зардап шекпеген.
Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін Мақат ауданынан арнайы пойыз жолға шықты.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!