БҚО-да су басу қаупі бар 147 елді мекен бақылауға алынды
Батыс Қазақстан облысында су басу қаупі бар 147 елді мекен, 49 авто және теміржол учаскелері бақылауға алынды.
Фото: Қарасай ауданының әкімдігі
21:00 14.02.2024
БҚО ТЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Қарабалаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, олардың барлығына жауапты адамдар бекітіліп, қажетті техника, құралдар, қапшықтар әзірленді.
Қанат Мәлікайдарұлының сөзіне қарағанда, елді мекендерден 400 мың текше метр қар шығарылды. Арықтар мен каналдар, су өткізу құбырлары тазаланып жатыр.
«Космомониторинг қызметтерін алуға, мұз жару жұмыстарын жүргізуге (35 млн теңге, 25 учаске, «ЭРА БВР» ЖШС), тікұшақ қызметтеріне шарт жасалды. Жалпы жағдай ерекше бақылауда және су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда», - деді Қ.Қарабалаев.
Оның айтуынша, барлығы 1 050 техника, 88 жүзу құралы, 12 аспалы мотор, 329 мотопомпа және 4 043 жеке құрам дайындыққа келтірілді. 23 374 тонна инертті материалдар, 192 710 дана қап, 557 тонна жанар-жағар май әзірленді.
«Департаментпен барлығы 63 техника, 36 жүзу құралы, 70 мотопомпа мен жеке құрамның 305 адамы дайындалды. Техникамен, қажетті киім-кешекпен және жабдықпен қамтамасыз етілген олар жедел топтардың құрамында 4 бағыт бойынша бөлінген, жағдай қиындаған жағдайда шұғыл көмек көрсететін болады», - деді Қанат Қарабалаев.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!