Елена Рыбакина WTA чемпиондық кестесінде екінші орынға көтерілді
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Доха жарысының финалисі атанғаннан кейін WTA чемпиондық кестесіндегі жағдайын жақсартты.
Фото: Пресс-служба Федерации тенниса Казахстана
13:42 19.02.2024
Жаңартылған чемпиондық кестесінде беларустық Арина Соболенко 2325 ұпаймен көш бастаса, қазақстандық теннисші (1828 ұпай) 4-тен екінші орынға көтерілді.
Доха WTA 1000 турнирінің чемпионы, Польша өкілі Ига Швентек (1630 ұпай) 9-дан жоғарылап, үздік үштікке ілікті.
Қытайлық Чжэн Циньвэнь (1495) мен латвиялық Елена Остапенко (1358) төртінші, бесінші орында тұр.
WTA-ның бүгін жаңартылған рейтингісінде алғашқы төрттікте өзгеріс бола қойған жоқ: Ига Швентек, Арина Соболенко, америкалық Кори Гауфф және Елена Рыбакина алда келеді.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева 76-дан 77-ге, Жібек Құламбаева 489-дан 491-ге, Гөзал Айнитдинова 745-тен 751-ге сырғыды.
Жұптық сында Анна Данилина 45-тен 47-ге төмендесе, Ж.Құламбаева 143-сатыда.
Бүгін Дубай WTA 1000 додасында Елена Рыбакинаның қарсыласы анықталады. Беларустық Виктория Азаренко мен нидерландтық Аранча Рустың жеңгені екінші айналымда қазақстандық теннисшімен кездеседі.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!