Ақтауда көпқабатты үй отқа оранды
Ақтауда көпқабатты үйден өрт шығып, тұрғындар қауіпсіз жерге шығарылды.
Фото: Видео кадры instagram.com/112_aktau
17:13 01.03.2024
Облыс орталығындағы 18а шағын ауданындағы «Premium Plaza» тұрғынүй кешені жанып, өрт сөндіру қызметі тілсіз жауды сөндіріп алды. Оқиға туралы ТЖД мамандары мәліметті растап, зардап шеккендер тіркелмегенін атады.
«Бүгін сағат 15:06 кезінде Ақтаудағы «Premium Plaza» тұрғынүй кешенінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған үйдің сыртқы қабырғасының 4 және 6 қабатындағы бөлігі жанып, өрт 50 шаршы метр аумақты шарпыды. Жалындап жанған өрт пәтерлердің ішіне өткен жоқ. Оқиға кезінде тұрғындар өздері сыртқа шығып, қауіпсіз аумаққа кетті. Оқиғаның болуы себебін арнайы мамандар анықтап жатыр. ТЖД өрт кезінде 5 техника мен 19 адамды жұмылдырды», - деді Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәр Қожабекова.
Жарты сағат бойы жанған өрт 15:30 кезінде толық сөндірілген. Қазір тұрғындар өз пәтерлеріне кіруге рұқсат алды.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!