Жыл басынан бері есірткі саудасы мен сақтаудың 2 мың дерегі анықталды
Есірткі саудасымен айналысқан 4 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты.
Фото: polisia.kz
14:01 29.03.2024
«Биыл есірткіге қатысты 2063 қылмыстық құқық бұзу дерегі анықталды. Есірткі өткізудің 517 фактісіне тосқауыл қойылды. Әрбір үшінші дерек интернет арқылы жасалғанын атап өткен жөн. (162). Сондай-ақ, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың 149 фактісі анықталды», - деді Ш.Алекешев министрліктің апталық баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, 4 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылды. Соның ішінде бір трансұлттық қылмыстық топ бар. Олар синтетикалық препараттарды жеткізумен және сатумен айналысқан.
«Ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін 8 қылмыстық іс қозғалды. Қылмыскерлерден 66 келі есірткі тәркіленді. Бұдан басқа 16 есірткі зертханасы анықталды. Оның 8-інде синтетикалық есірткі өндірілген, яғни Алматыда - 4, Алматы облысында – 3, Шымкентте 1 зертхана жойылды. Есірткі өндіруге қатысқан 15 адам ұсталды. Олардан 128 келі есірткі мен 390 литр прекурсор тәркіленді», - деді ресми өкіл.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!