Орал қаласындағы Шаған су қоймасының деңгейі 30 метрге жетті
Батыс Қазақстан облысында «Қазсушар» РМК су қоймалары 81 пайызға толды. Қазір ондағы су көлемі – 410,2 млн текше метр.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
13:57 17.04.2024
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайыновтың айтуынша, Орал қаласында Шаған су қоймасының деңгейі 30 метрге жетті.
Рауан Ерланұлының сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Жайық пен Шаған өзенінде су деңгейі теңесті. Оның үстіне Шағанға да жоғары жақтан су келіп жатыр. Суды жазғы-күзгі мезгілге сақтап қалу үшін су тастағыш имарат тасқын мөлшері азайған кезде жабылатын болады.
«Ресей Федерациясының Орынбор және Саратов облыстарындағы су шаруашылығы қызметтерімен күн сайын ақпарат алмасып отырмыз. Орынбор облысында орналасқан Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 345 текше метр су жіберілуде.
Ал Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 123 текше метр су түсуде. Қазіргі таңда су қоймаларына су жиналуда. Көлтабандар мен табиғи шабындықтарға су беру басталды. Сол секілді Саратов облысындағы Приузен су қоймасынан Қараөзенге секундына 12 текше метр су тасталуда. Казталов пен Жаңақала аудандары арқылы өтетін Қараөзен мен Сарыөзенге 400 млн текше метрден астам тасқын су алынды. Жалпы, филиалдың су қоймаларында жағдай қалыпты», деді Р.Хұсайынов.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!