Керекуде қазынадан 89 млн теңгеден аса қаражат жымқырған әкімдік қызметкерлеріне үкім шықты
Павлодар қаласы мен Павлодар ауданы әкімдіктерінің өкілдері қызметтік бабын пайдалана отырып, заңсыз жолмен алаяқтық схемаларын жүзеге асырған. Айыпталушылар сотта кінәларын толық мойындады және залалды өтеді.
10:14 04.05.2024
Павлодар қаласының №2 сотында аса ірі көлемде бірнеше рет алаяқтық жасау фактісі бойынша А.Г., М.А., Б.А., Ж.А. және А.А. есімді азаматтар тобына қатысты қылмыстық іс қысқартылған тәртіпте қаралды. Белгілі болғандай, қалалық және Павлодар аудандық әкімдіктерінің аппаратында қызмет еткен бесеу мүгедектердің жеке көмекшілерінің жұмысы үшін заңсыз ақша аударып келген. Осылайша мемлекет қазынасына 89 миллион теңгеден астам шығын келтірген.
«Айыпталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, құжаттамалық және заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ сараптамалық қорытындылармен дәлелденді. Сотталушылар кінәларын толық мойындады және залалды өтеді. Кінәлі тұлғаларға Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігі негізінде әртүрлі мерзімге 3 жыл 6 айдан бастап 5 жыл 6 айға дейін бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды», - деп хабарлады №2 қалалық соттан.
Жаза арқалаған бесеу пробациялық бақылауға алынып, мәжбүрлі еңбекке тартылады. Сондай-ақ олар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!