Су тасқыны болған аймақтарда инфекциялық аурулардың таралуына жол берілмеді – ДСМ
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Әйгерім Оразалиева айтты.
17:46 06.05.2024
«Су тасқыны басталған сәттен бастап, медициналық ұйымдар медициналық көмектің барлық түрінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін толық дайындық режимінде жұмыс істеді. Осылайша жедел медициналық жәрдем қызметтерінің, стационарлардың қабылдау пункттерінің және МСАК ұйымдарының жұмысы күшейтілді. Су тасқыны басталғаннан бері эвакуациялық пункттерде тәулік бойы жұмыс істейтін 106 медициналық пост орналастырылды. Эвакопункттерде медициналық және медициналық-психологиялық көмек көрсету үшін 600-ге жуық медицина қызметкері, оның ішінде 101 дәрігер, сондай-ақ 47 психолог жұмылдырылды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның дерегінше, су тасқыны болған аймақтарда зардап шеккен азаматтарды уақытша орналастыру орталықтарына шығатын мобилдік бригадалар ұйымдастырылды. Жүкті әйелдердің, балалардың жағдайына тұрақты медициналық бақылау жүргізілуде. Жергілікті жерлерде нақты үйлестірудің арқасында пациенттер штаттық режимде дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды алуды жалғастырып жатыр.
«Су басқан аймақтардан эвакуацияланғандардың арасында денсаулық жағдайы дәрігерлердің бақылауында болатын созылмалы аурулары бар 1 318 адам тіркелген. Су тасқыны салдарынан зардап шеккендерден психологиялық көмекке 2 805 өтініш түсті. Табиғи апаттың барлық кезеңінде су басқан елді мекендерден 445 жүкті әйел эвакуацияланды, 474 босандыру қауіпсіз қабылданды. Барлық сәби мен ана патронаждық қызметтердің қамқорлығында. Су басқан аудандарда барлығы 4 мыннан астам бала эвакуацияланды. 65 кішкентай пациент амбулаториялық және стационарлық деңгейде емделуді жалғастырып жатыр», - деді Әйгерім Оразалиева.
Ресми өкілдің атап өтуінше, инфекциялық аурулардың туындауының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтер сумен жабдықтау көздеріне күнделікті күшейтілген мониторинг пен бақылауды жүргізеді. Су тасқыны басталғаннан бері санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге 11 мыңға жуық ауыз су сынамасы іріктеліп, зерттелді.
«Күш-жігерімізді эпидемиялық маңызы бар нысандарды дұрыс дезинфекциялауға бағыттадық. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауымен осындай 6 мыңнан астам нысанға дезинфекция жүргізілді. Дәрігерлер мен санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің үйлесімді іс-қимылдарының нәтижесінде инфекциялық аурулардың, соның ішінде ішектің, уланудың өршуі жағдайларына жол берілмеді», - деді ол.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!