Қызылордада бір күнде үш бала терезеден құлап кетті
Қызылорда қаласында бір күнде ересектердің қарауынсыз қалған үш бала көп қабатты үйдің терезесінен құлап кетті.
09:52 13.05.2024
Оқиға кеше, 12 мамырда облыс орталығында болған. Сағат 21.37-де көп қабатты үйдің үшінші қабатындағы балконнан үй иесінің 2017 жылғы қызы мен 2018 жылғы туысы құлап кеткен. Олар әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды.
Сондай-ақ, қаланың сол жағалау бөлігінде көп қабатты үйдің бірінші қабатының терезесінен үй иесінің 2021 жылғы баласы құлап кетті. Ол әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылған.
«Ата-аналардан кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Москит торы балаларды терезеден құлаудан қорғай алмайды. Ересектердің қарауынсыз балалардың балконға шығуына рұқсат бермеген жөн. Әрбір баланың өміріне ата-анасы жауапты екенін естен шығармаған жөн», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.
Ведомство мәліметінше, биыл мұндай 7 оқиға тіркелген. Былтыр олардың саны 14 дерекке жетті.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!